«Рухани жаңғару» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Ұлттық кітапханада «Алаш арыстары және ашаршылық құрбандары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Белгілі ғалымдар қатысқан іс-шара барысында 1931-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін туралы баяндамалар тыңдалып, пікірлер талқыланды.
«Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ., профессор Х.М.Әбжанов «Қазақстанға депортацияланған халықтардың қасіреті» тақырыбында баяндама жасап, осы конференцияның бағыт-бағдарына шолу жасап отырды. Ал «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры А.Әубәкір конференция жұмысына қатысушылармен таныстырып өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің профессоры, т.ғ.д. Т.Омарбеков «Күштеп ұжымдастыру жылдарындағы қуғын-сүргіндердің зерттелу мәселесі» тақырыбында баяндама жасады. Тарихшының айтуынша, бүгінде кейбір азаматтар ашаршылыққа қатысты деректер аз деп ойлайды. Көп жағдайда «Бесеудің хатын» оқиды да, «Алтаудың хатына» назар аудармай жатады. Мысалы, «Алтаудың хатында» 1930 жылғы 800 қазақ шаруашылықтарынан 1932 жылдың көктемінде 450 мыңы ғана қалған деген деректер айтылады. Осы тұста әр жанұяда 6 адамнан болғандығын ескерсек, 1930 жылы қазақтың саны 4800 мыңға жеткен, яғни, бес миллионға жуық. Осы ашаршылықта 450 шаруашылықтың қалғандығын ескерсек, онда қырылған қазақтың саны екі милионнан асады. Ал 1933 жылға дейін тағы да бір миллионынан айырылдық. Осындай пікірімен бөліскен Т.Омарбеков бүгінде шетелдік ғалымдар зерттеулеріндегі деректермен келіспеушіліктердің, сонымен қатар, 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың арасында айырмашылық бар екендігіне назар аударды. Сондай-ақ ашаршылық пен қуғын-сүргіннің арасындағы айырмашылықты да ажырата білуіміз қажет, деді. Қазақтың әр күні мейрам емес. Тарихымызда қасіретті, қайғылы күндер көп. Сондықтан да 31 мамырды аза тұту күні ретінде, ал қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға басқа күндерді белгілеу туралы ұсынысын білдірді.
«1930 жылдардағы ашаршылықтың себептері мен салдары» тақырыбына баяндама жасаған «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының бірінші орынбасары Б.Қойшыбаев қазақ халқы үшін үлкен апат әкелген жылдар Кеңес үкіметі қазақ өңіріне келген кезеңнен бастау алады, деді. 1917-1919 жылдарда Түркістанда үлкен ашарашылық орын алды. М.Шоқайдың деректері бойынша бірінші кезеңдегі ашаршылықтағы адам апаты 1114 мыңды құраған. Ал екінші кезең Қазақ өлкесінде орын алып, 1921-1923 жылдарды қамтиды. Бұл тұста тағы да екі миллион қазақ көз жұмды. Ал Голощекин саясатына сәйкес 30-шы жылдарда социалистік құрылысты нығайту барысында байларды тәркілеу туралы қаулысына орай халыққа қисынсыз салықтар салынды. Оның салдары 1931-1933 жылдары апаттың үшінші кезеңіне ұласты. Міне, осы ашаршылықта құрбан болған боздақтарға мәңгі борыштармыз, осынау қайғы-қасіреттің дұрыс бағасын беруге тиіспіз, деп атап өтті ғалым.
«Қайым Мұхамедханов атындағы Білім мен Мәдениет орталығы қоғамдық қорының» директоры, профессор Дина Мұхамедхан «Әке мен бала: Мұхамедхан Сейітқұлов (1870-1937) пен Қайым Мұхамедханов (1906-2004) – Отан патриоттары» тақырыбында баяндама жасап, зұлмат жылдар туралы деректер келтіріп, жастар арасында патриоттық рухты көтеріп, халықтың бойындағы үрей мен қорқыныш жарасы жазылатын уақыт келді, деді.
Ғалымдар пікіріне пікір қосқан саясаткер А.Сарым бүгінде тарихшыларымыз дау-дамайдан гөрі ортақ мәмілеге келіп, 90-жылдардан бергі аралықта тоқтап қалған архивтерді ашу мәселесіне қайта оралуға тиіс, деді. Кеңес дәуірінің тарихы толығымен ашылғаны, ол рухани жаңғаруымыздың басты бағыты болып табылады. Ал ұлттық мейрамдарға қатысты пікірінде мемлекеттік бағдарламалар қабылдануы қажеттігін алға тартты.
Конференция жұмысында ф.ғ.д., профессор Б.Әзібаева, шәкәрімтанушы С.Ізтілеуова, желтоқсаншы Б.Төлепбергенов, Ж.Ашуұы және Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты «Рухани жаңғару» гуманитарлық зерттеулер орталығы, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы, Халықаралық «Көшпенділер Атамұрасы» қоғамдық қорының мамандары атсалысып, ел басына төнген ашаршылықтың қасіреті тұрғысындағы пікірлерін ортаға салды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»